Жақында өтетін IPO-ға қатысудың кейбір кемшіліктерімен танысып шығыңыз.
IPO нәтижесі қалай болатынын білу мүмкін емес
Жалпы айтқанда IPO-ға инвестиция жасау - тәуекелі көп іске жатады. Кез келген бағалы қағаз сияқты IPO да сізге табыс әкеледі деп ешкім 100% кепілдік бермейді. Бір акция бағасы араға уақыт салып, сіз IPO-да төлеген сомадан арзандап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайға компанияның ішкі факторлары (тиімсіз басқару, нашар стратегия немесе нарықтағы үлесінен айырылу және басқа себептерден болуы мүмкін) және сыртқы факторлары (қадағалаушы және экономикалық ортадағы өзгерістер, саяси шешімдер әсері) әсер етеді.
Нарықта IPO қалай ауытқитынын болжау қиын. Кейбір IPO-лар биржаға шыққан соң бірнеше минуттың ішінде 50%-ға дейін өсіп, ал кейбірі құлауы мүмкін. Facebook ($FB) 2012 жылы IPO-ға бір акциясы 38 доллардан шықты. 6 айдан кейін әлеуметтік желі акциялары биржада 20 долларға дейін түсіп кетті. Coca-Cola ($KO) компаниясы 1919 жылы акцияларын 40 доллардан биржаға орналастырды. Бірақ бірінші жылдың соңына қарай сусын шығаратын кәсіпорын акциялары 19 долларға дейін құлдырады.
Дивиденд төлейді деп ешкім кепілдік бермейді
>Дивиденд төлеу мәселесі жалпы акционерлер жиынында шешіледі. Егер сіз сол компания акциясына ие болсаңыз, сізді де акционерлер жиынына шақырады. Компания акционерлерге дивиденд төлейтін жағдай болғанымен, бірақ көпшілік дауыс беруі арқылы ол ақшаны компанияның дамуына үлес қосатын инновациялық жобаға құю туралы шешім қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайда дивиденд төленбейді.
Екінші деңгейлі нарықта өтімділіктің болмауы
Кейбір компания акциялары көпшілік инвесторларға қызық болмауы мүмкін. Сол себепті осындай компания акциялары IPO-да сатып алған инвесторлар артынша, қолындағы бағалы қағаздарын сата алмай қалады. Оларды өтімсіз акциялар деп атайды, яғни акцияларды алып және сатуға болатын екінші деңгейлі нарықта сату қиын.